Алпамыс батыр жыры ел арасында замандар бойында айтылып келгенімен
баспа жүзін алғаш рет 1899 ж. (Қисса И-Алпамыш, Қазан) көрген.
Қазан төңкерісіне дейін бұл жыр 7 рет қайталанып басылып шыққан.
Жырдың ел арасындағы түрлі нұсқаларын іздеп тауып, хатқа түсіріп
орысша мазмұнда бастырған атақты фолькоршы Ә.Диваев. Алпамыс батыр
жырының дүние жүзіне мәлім болуына осы аталған еңбектің пайдасы зор
болды. Жырдың аса тартымды, кең танымал болуының тағы бір сыры оның
фабулалық желілерінің түрік тілдес халықтарда да ұшырауына
байланысты. Қазақ халқының бірнеше ертегілерінде Алпамыс батыр
жырының оқиғалық сарыны кездеседі. Татар, башқұрт халықтарында бұл
тақырып ертегі түрінде айтылады. Қорқыт Ата кітабы мен Алпамыс
батыр жырының тараулары арасындағы ұқсастық тарихтың тағы да бір
терең қабаттарына бойлатады. Мұның өзі қыпшақ-оғыз халықтарының бір
заманда Сырдария бойларында ұзақ уақыт аралас өмір кешкендігінің де
куәлігіндей. Тәуелсіздік туын көтерген көптеген түрік халықтары
егемендік алған заманда бұл елдердің ерте кездегі өнер байланысын,
тағдырлыстығын, мүдделерінің ортақтығын, көркемдік ойлау
мәдениетінің жақындығын көрсететін этник. туыстықты дәлелдейтін
нағыз қымбат куәліктің бірі Алпамыс батыр жыры болуы оның халықар.
деңгейдегі мәнін арттыра түседі. Алпамыс батырдың түп негіздерінің
пайда болғанына 1200-1300 жыл толды деп тұжырымдауымызға да осы
мысалдар айқын себеп. Жырдың үлкен, көркем поэзиялық нұсқалары
туысқан қарақалпақ, өзбек халықтарында да кездеседі. Бұл
көрсетілгендер Алпамыс батыр жырының көптеген түрік халықтарының
бастан кешкен тағдыр-талайын еске салатын жалпы түріктік қасиетінің
молдығын аңғартады. Алпамыс батыр жырының халық арасында айрықша
қастерленуі оның түрлі нұсқасы көп болуына ықпал етті. Қазан
төңкерісіне дейін бұл жырды Қазақстанның барша облысында айтып
келгені белгілі. Сол нұсқаларда жырдың соны қырлары кездесіп
отырады.