Албан руының толық шежіресі.Албан — қазақ халқын құраған ежелгі ірі
тайпалардың бірі. Шежіре бойынша, Ұлы жүз құрамына енеді. Албан
атауы көне жазба тарихи деректерден белгілі. 5-6 ғ-да Албандар
Жетісу өңіріндегі Үрбі (Юебань) қауымдастығында чубань тайпасы
аталып дулу одағында болған. Қытай деректері бойынша чубань тайпасы
7 ғ-да Тянь-Шань мен Алтайдың арасын мекендеген. Н. Аристов
“чубань” дегеніміз дулаттарға туыс Албан және суан тайпалары деген
пікір білдіреді. Бұлардың бәріне ортақ таңбасы — дөңгелек. Албан,
суан екеуінің атауы да көне түріктік “алп” (“алып”), “суб” (“су”)
сөздеріне “ел”, “мекен” мағынасын білдіретін “ан” сөзін қосу арқылы
жасалған сыңайлы, яғни “албан” — “Алып тау елі”, “суан” — “Су елі”.
Осыған қарағанда Албан, Cуан, Дулат ежелден іргесі бөлінбеген
туыстас тайпалар болса керек. Мұны қазақ шежірелері де дәлелдейді.
Бұл үш тайпа 5-ғасырдан бүгінге дейін Жетісуды мекен етіп келеді.